1-сабақ. Мамандыққа байланысты мәтіндермен жұмыс. Сөз таптарының түрлері.

Мәтінді тыңдаңыз, пікірлесіңіз.

 «Кәсіби қазақ тілі» пәнінің негізгі мақсаты – коммуникативтік құзыреттілік дағдыны қалыптастыру және дамыту, бәсекеге қабілетті әрі құзыреттілігі жоғары тұлғаның кәсіптік маңызы бар жағдайларда ғылыми тілмен қазақша ойын толық және анық жеткізуі үшін тілдік кәсіби­ бағдарға дайындықты қамтамасыз ету.

«Кәсіби қазақ тілі» пәні бойынша тіл үйренуші өз мамандығы саласындағы сөз мәдениеті, терминология, стилистика салаларын өз деңгейлеріне сай меңгереді. Белгілі бір құзіреттілік талаптарына жауап береді.

Демек,  «Кәсіби қазақ тілінің»  мақсаты- мамандыққа кіріспе емес, қазақ тілін кәсіби деңгейде жетік меңгеру талаптарын негізге алады. Бұл пәнді аяқтаған тіл үйренуші:

- мемлекеттік тілде таратылатын мол ақпараттар толқынынан өзіне, өз мамандығына қажеттісін таңдап алып, оны коммуникативті-функционалдық бағытта қолдана білуі керек;

- мемлекеттік тілде өзіндік көзқарасын таныта білу, оны  дәлелдеп, қорғай білуі;

- өзінің алған білімі мен білік-дағдыларын, қазақ тіліндегі сөздік қорын, терминологияны үнемі дамытып отыруы;

- мемлекеттік тілде өз мамандығы аясында шешен сөйлеуге дағдылануы;

- кез келген жағдайда өз бетінше шешім қабылдай білуі;

- проблеманы танып, оны шешудің жолдарын айқындау, оны мемлекеттік тілде көркем жеткізе білуі керек және т.б.

Мемлекеттік тілдің әлеуметтік-қатысымдық қызметін кеңейту мен дамытуда оның қоғамның барлық саласында қолдану аясының кеңи түсуі тіл үйренушілердің болашақ мамандығымен байланысты. Осыдан бәсекеге қабілетті, мемлекетіміздің мақсаты мен мүддесіне қызмет ететін білікті маман даярлауда бұл пәннің өзекті екендігі айқындалады.

1. Мазмұнын жазыңыз.

 

ОҚЫЛЫМ

2. Мәтінді оқыңыз.

Мектепке дейінгі тәрбиелеу-білім беру процесінің негізгі қатысушылары балалар, ата-аналар немесе заңды өкілдер, педагогикалық қызметкерлер болып табылады.

Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңында мектепке дейінгі білім беруде келесі жас көрсеткіштерін белгілейді:

- 1 жастан бастап 5 жасқа дейін — мектепке дейінгі ұйымдардағы балалар;

- 5 жастан бастап 6 жасқа дейін — жалпы білім беретін мектептердегі мектепалды сыныптардағы балалар.

- 1 жастан бастап 5 жасқа дейін - мектепке дейінгі ерте және кіші жастағы балалар;

- 5 жастан бастап 6 жасқа дейін — мектепке дейінгі ересек жастағы балалар.

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасында 12 жылдық білім беруге көшу мерзімінің өзгеруімен (2015ж.) мектепке дейінгі ұйымдарға 6-7 жастағы балаларды қабылдауға болады.

Осылайша, бүгінде республикада мектепке дейінгі ұйымдарға 1 жастан бастап 7 жасқа дейінгі балалар, соның ішінде мектепалды дайындық сыныптары мен топтарына 5-7 жастағы балалар бара алады. Мектепке дейінгі ұйымдарда «АЛҒАШҚЫ ҚАДАМ» (1 жастан бастап 3 жасқа дейін) бағдарламасын; «ЗЕРЕК БАЛА» (3 жастан бастап 5 жасқа дейін) бағдарламасын; «БІЗ МЕКТЕПКЕ БАРАМЫЗ» (5 жастан бастап 6 жасқа дейін) бағдарламасын; «Өзін-өзі тану» пәні бойынша типтік оқу бағдарламаларын басшылыққа алулары тиіс.Сондай-ақ, «Денсаулық» («Валеология»,) «Таным» («Қоршаған ортамен таныстыру)  оқу тәрбие сабақтары өткізіледі. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мектепалды топтары және білім беру ұйымдары мектепалды сыныптарының педагог қызметкерлеріне айлық еңбекақыны есептеу үшін аптасына нормативтік оқу жүктемесі 24 сағаттан артық болмауы керек.

а) Мектепке дейінгі тәрбиелеу-білім беру бағдарламасы туралы не білесіздер?

ә) Мектепалды сыныптарының педагогы  қандай болу керек деп ойлайсыз?

б) 12 жылдық білім беруге көшу туралы не білесіз?

 

3. ЖАЗЫЛЫМ

Мәтін негізінде сызба бойынша сұхбат құрастырыңыз.

Сұрақ  ----------------------- жауап

Сұрақ ------------------------ растау

Сұрақ ------------------------ жоққа шығару

Сұрақ ------------------------ келісу

 

4. СӨЙЛЕСІМ

Сұрақтар арқылы пікірлесіңіз.

а) Мектепке дейінгі тәрбиелеу-білім беру бағдарламасы туралы не білесіздер?

ә) Мектепалды сыныптарының педагогы  қандай болу керек деп ойлайсыз?

б) 12 жылдық білім беруге көшу туралы не білесіз?